2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. Бұл жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуын білдіретіні барлығымызға аян.

Пандемия жарияланған соң әрбір ел коронавируспен жергілікті деңгейде ғана күреспей, аурудың ары қарай таралмауына да күш сала бастады. ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус барлық елдің үкіметін коронавирустың таралуына қарсы жедел әрі батыл шаралар қолдануға шақырды. Міне осы сәттен бастап біздің қазақ елі де сақтық шараларын қабылдауды дереу шешіп, 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді.

Шындығына келгенде, бүгінгі таңда бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы кезең болып тұр! Жалпы, бүкіл әлем коронавирусқа қарсы күн сайын емес, сағат сайын күрес жүргізіп жатыр.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мемлекеттік комиссия құрылып, ол халықтың басына төнген қатерден сақтану шараларын қарастыратын кезекті отырыс жиналыстарын бастап кетті.

Міне, осындай сын сағатта Елбасымыздың арнайы мақаласы жарияланып, ол халқымыздың еңсесін көтеретін кереметтей құнды үндеу болып табылғаны анық! Расында, біздің үкіметіміз індеттің таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдағаны біз үшін үлкен сенімді туғызды деп айта аламын. Бұл мәселеде біз халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болып отырмыз.

Дер кезінде қолға алынған шұғыл шаралардың көмегімен бұл індеттің кең етек жаюына тосқауыл жасалып жатыр. Қазақстандық азаматтарды және шағын және орта бизнесті мемлекет тарапынан қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылданды. Әртүрлі санаттағы тұрғындарымызға көмек беру үшін үлкен көлемде қыруар қаржы бөлінді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңыздылығы да үкімет назарынан тыс қалған жоқ, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Үкіметтің басшылығымен көктемгі егіс науқаны да басталып кетті. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынды.

Тұтастай алғанда, жағдай қатаң бақылауда. Қазіргі таңда осы дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылданып жатқандықтан, еліміздегі жағдай тұрақты деп отырмыз.

Біз індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып алуымыз әбден мүмкін. Осы мақсатта бүкіл ел болып қашықтықтан білім беруге, жұмыс істеуге көштік. Бұл бағытта бірқатар атқарылып жатқан жұмыстардың әлсіздеу екендігіне, әлі де жеткіліксіздігіне және «Көш жүре түзеледі», — демекші, қосымша шаралар қабылдау қажет екендігіне көзіміз жетті.

Осы жерде біз енді ары қарай не істеуіміз керек деген сауал мені қатты мазалайды?

Бізден үкіметтің сұрап отырғаны – карантин уақытында үйімізден шықпай оқшауланып отыру. Әрине, бұндай жағдайдың басымызда ешқашан болмауына байланысты изоляция оңайға түспей отыр. Оның маңыздылығын біреу ұқса, біреудің миына да кірер емес! Бірақ бұл қажетті шара, басқадай жол жоқ екендігін барлығымыз санамыз бен түйсігіміз арқылы дұрыс қабылдауымыз керек! Біз азаматтық парызымыз ретінде үйден шықпай оқшауланып дәрігерлерге өзіміз көмектесуіміз керек. Бұл бағытта оларға да қаржылай көмектер үкімет тарапынан қолға алынды.

Білім беру саласында қызмет атқарып келе жатқандықтан, бұл қатердің салдарынан қашықтықтан оқытуға көшкен мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында білім алушыларға білім беріп жатқан ұстаздардың мәртебесін атап кетпеуге болмас!

Біз – қазақ халқы, барлық дәрігерлер мен ұстаздардың батыр да батыл еңбектерін ерекше атап өтуіміз керек, біз олардың қадір-қасиеттерін қатты түсініп жатқан сияқтымыз!

Әрине, бұндай пандемияға ешкім де дайын болған жоқ. Коронавирус, өте қатерлі саналғанмен, ол емделетін ауру. Одан құтылудың жолы — Аллам берген үлкен сабырлық пен шыдамдылық!

Бұндай ауыр дағдарыстан біздің халқымыз ширап, жаңа бір тамаша бақытты кезеңге аяқ басатынына мен кәміл сенімдімін. Қазақстан халқы міндетті түрде бұл қиындықты еңсеріп, экономикалық-әлеуметтік жағдайы тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі. Еліміздің ертеңгі болашағы мен келешек өркендеуі үшін бәріміз бір жұдырық болып береке-бірлікте жұмыс жүргізуіміз қажет деп санаймын!

Ауызбіршіліктің арқасында Қазақстан бұл індетті артқа тастап, зор сеніммен алға басатыны айқын екендігін мен білемін!

Оразгалиева Арайлым Канатовна, PhD докторы,

Семей қаласы Қазақстан инновациялық академиясының

Ғылыми жұмыс, халықаралық байланыстар

және инновация жөніндегі проректоры