2019 жылдың 12 наурызы күні Қазақстан инновациялық университетінде «2019 – Жастар жылы» аясында ұйымдастырылатын «Еліміздің инновациялық дамуына үлес қосатын ҚИУ-дың шығармашыл және белсенді жастары» атты жастар форумы ұйымдастырылып өткізілді.

Расында, біз барлығымыз жастар жылынан жақсы жаңалықтар күтеміз!!!

Осы бағытта 2018 жылдың 5-қазаны күні ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жыл елімізде Жастар жылы деп аталатынын ерекше атап өтті.

Елбасымыздың әрдайым жастарды қолдап және жастар саясатын дамытуды айтарлықтай басымды бағыттардың қатарында екендігін көздейтіні жайдан-жай айтылмаған дүние!  Ал енді сол «Жастар жылы» не атқарылуы тиіс? Қандай көкейкесті мәселелерге баса назар аударуымыз керек?

Біздің жастар – қоғамның қозғаушы күші екендігі рас. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Расында, қазір жастардың арасында соңғы заманауи инновациялық технологияларды пайдалану арқылы әртүрлі жобаларды ұсынып жүргендері қаншалық. Сан қилы жаңа технологияның ерекшеліктерін біліп, көріп жүрген де сол жастарымыз. Инновациялық жобаларды халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып, арнайы грант ұтып алған жастар көп. Ал оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Демек, мемлекет тарапынан озық идеяларға және ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, іс жүзіне асырылуына демеу болуымыз керек. Әтпегенде, білімді жастардың шетел асып, басқа елдің нарығын дамытуы да әбден мүмкін. Сондықтан қазақстандық ғылымды дамыта отырып, жастардың ұтқыр идеяларына қолдау жасай білуіміз керек деп ойлаймын.

Жалпы жастардың арасында шешімін таппай отырған мәселелер көп: ұрандатқан жалпылама, саны бар, бірақ еш берер нәтижесі жоқ іс-шараларды өткізгеннен гөрі Елбасымыз бірінші кезекте басымдықты жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу, құқық бұзушылықпен күреске бағыттау керектігін тапсырды. Дәстүріміздің далада қалып, ұлттық ұғым мен ұлттық сананың жастар арасында төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Жастар арасындағы өзекті мәселеге айналып отырған бүгінгі білім мен ғылым жүйесі, медицина, салауатты өмір салтын ұстану, тұрғын үй мәселелерін шешетін  уақыт келген сияқты. Жастар саясаты мен жастар проблемасын шешуге мемлекет тарапынан көзқарасымызды түбегейлі қайта қарауымыз керек деп санаймын!

Ең бастысы, жастардың назарын рухани құндылықтарға аударуымыз керек сияқты, өйткені жастар бүгінгі таңда материалдық құндылықтарға баса мән беретін болды. Міне, қоғамдық сананы рухани жаңғыртудың қажеттілігі осында!

Қазақ даналығында «Жас келсе – іске», «Ел ертеңі-білімді жастар» деген қанатты сөздер бар ғой. Міне, ІТ-технология дәуірінде тың ақыл мен ұтқыр идея сол жастардан шығып жатқаны баршаға аян.

Елбасының тапсырмасымен 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керек. 2019 жыл жалынды жастарды алға ұмтылдыратын, жастардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай!

Демек, осы он екі айда атқарылатын іс-шаралардың мәні мен бағыты мыңды жығатын білімді жастарға ғана бағытталуы керек деп санаймын!

 

ИӘ және ТЖ проректоры,

PhD докторы                                                     А.К.Оразгалиева