Әпсәлемов Нәдірбек Әпсәлемұлы, Қазақстан инновациялық университетінің Президенті. Қаракерей Қабанбай атындағы қоғамдық қордың Президенті, Қазақстан Республикасы ат спорты түрлері федерациясының Семей өңіріндегі филиалының директоры.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері. «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі», «КСРО білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. «Мінсіз қызметі үшін» INSAM медальі мен Сократ атындағы және «Еуропалық сапа» медальдарының иегері.

Нәдірбек Әпсәлемұлы ғылыми-педагогикалық қызметте 1966 жылдан бері еңбек етеді, Жамбыл технология институты Семей филиалының кафедра ассистенті қызметінен Семей ет және сүт өнімдері технологиялық институтының ректоры (1990-1995 жж), Мемлекеттік Қаржы институтының ректоры (1996 ж. бастап), Мемлекеттік Қаржы институты ректорының оқу ісі жөніндегі проректоры (1997 ж. бастап), Мемлекеттік Қаржы институты мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік институтының қосылғаннан кейін Экономика және қаржы институтының директоры қызметіне дейінгі еңбек жолынан өтті. Қазақ қаржы-экономикалық институтының негізін қалаушы және президенті.

Ғалым, 100-ден астам ғылыми еңбектің, оқу құралдары, әдістемелер мен монографиялардың, ғылыми есептердің авторы. АҚШ, Голландия, Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Жапония сынды елдерде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндамалар оқыған. «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп секторы: қалыптасу және даму мәселелері», «Агробизнестің экономикалық негіздері», «Нарық жағдайдайындағы экономикалық тәуекелділік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету (Ресей және Қазақстан материалдары негізінде)», «Қазақстанның қазіргі заманғы бюджеттік саясаты» сынды еңбектердің авторы.

Жетекшілігімен 3 докторлық, 8 кандидаттық және 10-нан астам магистрлік диссертациялар қорғалды.

Бірнеше мәрте аудандық, қалалық және облыстық депутаттар Кеңестеріне, Cемей қаласының мәслихатына депутат болып сайланған. Бұл күнде Қаракерей Қабанбай атындағы қоғамдық қордың Президенті. Қазақстан Республикасы ат спорты түрлері федерациясының Семей өңіріндегі филиалының директоры, аймақтық және республикалық басылымдардың авторы, ғылыми кеңесшісі және редакциялық алқаларының мүшесі.

Үйленген, төрт баланың әкесі. Сегіз немере сүйіп отыр.