Home Біздің Университет (Русский) Руководство Президенттің үндеуі

Президенттің үндеуі

apsyalyamovОн сегіз мың ғаламды бір қауызға сыйдырған Ғаламтор ғасырында білім мен ғылымға ұмтылуға, жер жүзінің жаңалықтарын білуге, қалаған ел, қалаған қалада оқытудың қай нысанында оқимын деп талаптансаң еш күрделі кедергі жоқ.

Елбасының көреген саясатының нәтижесінде дүниеге келген жекеменшік нысандағы оқу орындарын жаҺандық дәстүрлерге сай сұраныс пен абырой- беделге ие болып келді. Бүгін де жұмыс берушілер сапалы, жақсы мамандарды жекеменшік оқу орындары көбірек даярлайды деген уәж айтады. Алдыңғы жылдың мамыр- маусым айларында жүргізген «Рейтинг-КZ» сараптама-зерттеу Агенттігінің зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, елдің үздік ондық оқу орындары қатарына жеті мемлекеттік емес ЖОО-лар кіретінін мәлімдейді.

Еліміз егемендік алған жылдар ішінде өркениетті қоғамның талаптарына сай болуға ұмтылып келе жатқан Қазақстанның түкпір-түкпірінде бой көтерген осы жекеменшік нысандағы оқу орындары қатарында біздің (бұрынғы Қаржы-экономикалық академиясы базасы негізінде құрылған) Қазақстан Инновациялық Университеті де жоғары білім беру қызметімен шұғылданып келе жатқаннан бері қоғам, әлеумет игілігі үшін мыңдаған мамандарды даярлап шығарды. Сараптамалар мен тексерулер нәтижесі республикамыздағы жоғары білім беретін оқу орындары ішінде материалдық-техникалық базасы, мықты оқытушы- профессорлар қауымымен уақыт талабына сай кәсіби білікті мамандар даярлап шығаруда жекеменшік үлесінің жоғары екендігін көрсетіп келеді.

Бізде тектес оқу орындарымен белгілі бір дәрежеде білім алмасу бағытында болашақта бағыт-бағдары белгіленген бай тәжірибе бар. Оқу орнымыздың алыс және жақын шетелдердегі оқу орындарының студенттер мен оқытушылар қауымының өкілдерімен өзара тәжірибе алмасып, болашаққа бағдар болатын тиімді шарттар жасасып әрекет ететін және бірізділікпен жолға қойылған арнайы аумақтармен дәріс алмасу дәстүрлері қалыптасып келеді

Иә, әлемдік тәжірибеде адам капиталының сапалы өсуі кез келген елдің дамуын анықтайтын фактор болып табылады. Жаңа жағдайда ұлт капиталы –табиғи ресурстар емес, адам капиталы, адамдар. Адам капиталы – адам мәдениетін қалыптастырудың негізі. Сондықтан да инновациялық даму зайырлық шығармашылықты, оның азаматтарының адамгершілігін биіктетіп, ішкі мәдени қуатын дамытпайынша мүмкін емес.

Иә, қазіргі таңда өркениет үрдісіне құлаш ұрып, өрлеген елдермен иық тірестіру үшін өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан, дарынды, қабілетті, еңбек сүйгіш қажырлы, жан-жақты жетілген жаңа форматтағы адамдар қажет. Заман талабына, қоғам қажеттіліктеріне, әлеуметтік сұраныстарға жауап беретін, еліміздің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруге күшті ықпал етектін тұлғалар қалыптасуы керек. Яғни өркениет шыңы–инновация ғасырында ең басты байлық шикізат ресурстары емес, адам ресурстары. Елбасының ел болашағы туралы айтқан тұжырымдарының түйіні елмен елді, адаммен адамды теңестіретін, яғни жоғары саналы адам ресурстарын қалыптастыратын құрал – білім. Білгеніңе нәр беріп, іске асыратын іскерлік, мен болашақта Отанымның өркендеуі үшін не бере аламын деген сұрақ толғантуы керек әр жасты.

Сондай жаңа сипаттағы тұлғаларды қалыптастыруға бағыт беруге ат салысуды, өзінің білім беру ісінің маңызды стратегиялық даму мақсатының бірі де, бірегейі етіп қойып отырған– Қазақстан Инновациялық Университеті. Атына сай жаңа заманауи оқу орны болып құрылған ҚИУ-да еліміздің болашағы, үкілі үміттерімізді ақтаушы, инновациялық мәдениеттің бір бөлігі медиа-мәдениетті қалыптастырушы, яғни барша ұлттық құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап алға апарушы ұрпақтарға осындай өрелі мақсаттарда терең білім мен тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар беруді шығармашылықпен жүзеге асыруды жоспарлайды.

Яғни түпкі мақсатымыз — ұлттық инновациялық жүйелерді дамытуға белсенді үлес қосуға жан-жақты қабілетті ұлт болашағы- студент түлектерге жоғары сапалы білім мен кәсіби даярлықтарды бойына сіңіруді қамтамасыз ететін білім берудің, ғылым мен өндірістің тығыз интеграциясына бағытталған инновациялық нысандағы университет құрылымын осы тұрғыдан көру. Болашақ бүгіннен басталады.

 ҚИУ президенті, профессор
Н. Әпсәләмов