Домой Новости 25 жылдық мерейтойың құтты болсын, ҚИУ!

25 жылдық мерейтойың құтты болсын, ҚИУ!

50

Ел ағаларының қамқорлығын көріп келеміз. Елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бен жастарымыздың басты байлығы — сапалы білім екенін атап көрсеткен болатын. Шәкірттерінің өміріне оң ықпал еткен білім ордасының қай-қайсысының да «жақсылығын айтып, нұрын тасытпаса» да, жақсының ісін жария етейік деген ниетпен, өзімізге білім мекені атанған Қазақстан Инновациялық Университеті туралы ойымды қағазға түсіруді жөн көрдім.

Менің университетім – менің құттыханам. «Мәңгілік шәкіртің боп қалуға ұялмаймын» (Мұқағали) дегендей, осында шәкірт болып жүрмін. Бұл қара­ шаңырақтың болашағы зор. Қазір­дің өзінде еліміздің жетекші оқу орындарының қатарында беделге ие. Университет президенті — Н.Ә. Әпсәлемов, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының мүшесі, білім мекенінің негізін салушысы.

Қазақстан Инновациялық Университеті – адамгершіліктің мың жылдық дәні егілген, жастық шақтың мәңгілік мекені, білімге сусындаған бақыт­ты  кезеңіміздің  самал лебі есіп тұрған университет. Оқулықтар мен оқу құралдары, оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми мақалалары жиі жарық көреді. Сонымен қатар профессорлық-оқытушы құрамының ғылыми әлеуеті жыл сайын еселеп артуда. Университет қызметкерлері мен студенттерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Университет халықаралық деңгейде тартымдылыққа қол жеткізді. Әлемнің маңдайалды университеттерімен халықаралық қатынастар жөніндегі келісімшарттар жасалынды және олармен тығыз байланыстамыз. Университет қабырғасында жастар саясатын жүзеге асыратын Студенттік Үкімет  жұмыс жасайды. Бұл әрбір студенттің идеясын, оқу орнының өркендеуіне қосар үлесін жүзеге асырып, қолдау көрсетеді.

Бүгінгі күнде өрлеген елдермен иық тірестіру үшін өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан, дарынды, қабілетті, еңбек сүйгіш қажырлы, жан-жақты жетілген жаңа форматтағы адамдар қажет. Заман талабына, қоғам қажеттіліктеріне, әлеуметтік сұраныстарға жауап беретін, еліміздің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруге күшті ықпал етектін тұлғалар қалыптасуы керек. Менің ойымша, Қазақстан инновациялық университеті – білімділер мен талаптылар мекені.

Мүмкін біреулерге сөзім университетімді асыра мақтағандық болар… Біздің университетіміз «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!», – деген Мағжан ағамыздың сөзін желге ұшырмай, сенімін ақтап жүрген оқу орны екеніне кәміл сенемін.

Шаттығыма шаң жұқтырмай, көкірегімді оятып жүрген ҚИУ оқытушыларына дән ризамын. Осы университетте алған білімім кейінгі болашақтағы орнымды сүт бетіндегі қаймақтай іріктеп, шыңырау көкке тартатыны айтпаса ұғынықты. Тепсе темір үзер жастар да осы оқу ордасынан…

                                                                     Психология мамандығының 3 курс

                                                                              студенті, Арманқызы Әмина